Президент жазға таман тағы бір жаңалықты жариялайды - Жолдасбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Мемлекет басшысының алдағы жазда қазақ үшін жағымды тағы бір жаңалықты жариялайтынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент жазға таман тағы бір жаңалықты жариялайды - Жолдасбеков

Сөз барысында қоғам қайраткері Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабына тоқталған болатын. «Сонда ол кісінің (Елбасының-ред.) бәрін біліп тұрып, айтқан бір керемет сөзі бар. «Мені қазақ тілінде сөйлей алмайды деп кім айтады? Сөйлей аламын, әрине. Франция мен Ресейдің президенті, Қытайдың басшысы өзінің тілінде баяндама жасайды, мен де мемлекеттік тілде сөйлеймін. Сондықтан біз жан-жағымызға қарауымыз керек». Сол кітапта жазылған ғой, алғашқы кезде осы Целиноградта 17-ақ пайыз қазақ болды. Қазір ең қазағы көп қала - Астана. Өткенде Елбасымен ептеп сөйлесіп қалып едім. Құдай қаласа, биыл жазда Қазақстан xалқының саны 18 миллионға жеткенін жариялайтын боламыз деп жатыр екен. Бұл үлкен қуаныш деп ойлаймын», - деді Жолдасбеков.

Айта кетейік, бүгінгі алқа мәжілісінде министр Дәурен Абаев ақпарат пен коммуникациялар саласында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, отандық телеарналардың алдына бірқатар міндеттер қойды.

Ал қоғамдық кеңестің мүшесі Бибігүл Жексенбай мемлекеттік тілде xабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарын барынша дамыту қажеттігін жеткізді.