Президент Жетісу облысындағы ауыл мұғалімін «Шапағат» медалімен марапаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы жетістіктері мен елеулі еңбегі үшін Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшбұлақ ауылындағы Безродных атындағы бастауыш сынып мұғалімі Светлана Петровна Минченконы «Шапағат» медалімен марапаттады.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұстаз 40 жылдық еңбек жолында мыңға жуық баланы тәрбиелеп, оқытты.
Светлана Петровна еңбек жолын 1982 жылы Алакөл ауданындағы Глиновский орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, бүгінгі күнге дейін осы мектепте қызмет етіп келеді.
«Еңбегімнің жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын. Осы марапатқа жету жолында менімен бірге болғандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Әрине, бұл менің ғана емес, ұжымым, отбасым және шәкірттерімнің жетістігі. Білім беру жүйесіндегі 40 жылдық еңбекті бағалағандарыңызға мың алғыс», –деді Светлана Петровна.
Светлана Минченко тынымсыз еңбек еткен 40 жылдан астам еңбек жолында мыңға жуық бала оны алғашқы ұстазы деп атады. Ұстаз облыстық, республикалық зияткерлік сайыстардың көптеген жеңімпазын дайындады. Оның бастауыш сынып түлектері ондаған жылдар өткен соң, педагогті құрметті ұстаз ретінде еске алып жүр.
Сонымен қатар Светлана Минченко ұзақ жылдар бойы жас мұғалімдерге тәлімгер болып келеді.