Президент жолдар туралы: Астананы барлық өңірмен байланыстыруды көздейміз

«Біз, ең алдымен, республикалық маңызы бар жолдарды ретке келтіруді, транзитті қамтамасыз етуді негізгі тапсырма етіп алдық. Бүгінгі таңда осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда. Облыс ішіндегі жолдар да бар. Ол жолдардың тек 60 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Біз ең алдымен Астананы барлық өңірмен байланыстыруды көздеп отырмыз», - дейді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астананы барлық өңірлермен байланыстыру арқылы экономиканы өркендетуге болатынын тілге тиек етті.
«Ол қадам экономиканың үлкен артықшылығына айналады. Бұл - сауда, бәсекеге қабілеттілік, қозғалыс, жылдамдық. Адамдардың байланысы нығайып, еңбек, ақша, капитал қозғалысқа түседі. Қазір облыс ішіндегі және аудандар арасындағы жолдарды ретке келтірумен айналысу керектігін айтып отырмын. Мүмкін, қажеттілігі аса басым емес республикалық маңызы бар жолдарды қоя тұрып, ақшаны сонда жіберген абзал болар. Облыстардың өздері де өз ішіндегі ауданаралық жолдарды ретке келтіруі тиіс. Біз бұнымен айналысамыз», - деп шегелей түсті Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңын ойлы әзілмен аяқтады.
«Көрдіңіздер ме? Ол жолдар салынбағанда «неге салынбайды» деп айтылды. Салдық - бәрібір «жаман» дегеннен құтылған жоқпыз (күлді). Сұрақ дұрыс қойылып отыр, бірақ мәселелердің барлығы қадам-қадам сайын шешіледі», - деп түйді Елбасы.
Еске сала кетсек, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда Президент қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республикаық телеарналардың эфирінен көрсетілді.