Президент Жолдауынан нақты іске көшу: Бектенов Үкіметтің міндеттерін айқындады
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Жолдауы тарихи мәні зор міндет қойып отыр. Ол – өскелең ұрпақтың игілігі үшін қуатты әрі озық экономикасы бар жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат ету. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында пікір білдірді.
Ол үшін Премьер-Министр Президенттің барлық ауқымды реформалары мен стратегиялық бастамаларын табысты жүзеге асыру қажеттігін айтуда.
– Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды салу мен жаңғырту үшін қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек. Халықаралық және ішкі логистиканы дамыту, көлік саласын цифрландыру, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері әлемдік ауқымдағы өзгерістер аясында шешімін табуға тиіс, – деді Үкімет басшысы.
Ауыл шаруашылығындағы технологиялық жаңғырту мен инновациялар болашақта азық-түлік тапшылығының алдын алуға кепіл болады.
– Капитал тарту саласында инвестицияларды басқарудың біртұтас жүйесін әзірлеу керек. Бұл инвесторларды тартып, оларды жан-жақты қолдау үшін кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті дамыту, бюджет және салық саясатын жетілдіру, сондай-ақ жалпы Қазақстанның цифрлық экономикасын белсенді дамыту ұзақ мерзімді кезеңге арналған стратегиялық мақсат-міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді, – деп толықтырды О. Бектенов.
Оның айтуынша, халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңа тәсілдер шын мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Премьер-Министр Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» азаматтардың әл-ауқатының артуына серпін беретінін айтқан еді.