Тоқаев атаған 400 млрд долларлық меже: ХВҚ Қазақстанға қандай болжам жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 400 млрд долларға жуықтайды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) қазан айындағы World Economic Outlook дерекқорында ел экономикасының 2031 жылға дейінгі көрсеткіштері осылай бағаланған. Қор номиналды ЖІӨ-нің өсуімен қатар нақты экономикалық өсім, инфляция, халық саны, жұмыссыздық, мемлекеттік қаржы, борыш, инвестиция, ұлттық жинақ және сыртқы сауда бойынша да болжам жариялады. Бұл деректерде 2026 жылдан кейінгі сандар болжам ретінде берілгенін атап өту керек.
Халықаралық валюта қорының осы болжамына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында тоқталды. Мемлекет басшысы ХВҚ Қазақстан экономикасы биыл әлемдегі қырық жетінші экономикаға айналатынын болжап отырғанын атап өтті.
- Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған құжатта ел дамуының басқа көрсеткіштері қалай бағаланғанына көз жібертіп көрейік.
«2031 жылы ЖІӨ 553 млрд доллар болады»
ХВҚ Қазақстанның номиналды ЖІӨ-сі 2024 жылы 291,5 млрд доллар, 2025 жылы 306 млрд доллар болғанын, ал биыл 397,9 млрд доллар болып, 2031 жылға қарай 553,4 млрд долларға дейін жетеді деп болжаған. Бұл жерде «номиналды ЖІӨ» ұғымы елде өндірілген тауарлар мен қызметтердің қазіргі бағамен есептелген жалпы құнын көрсетеді. Басқаша айтсақ, бір жыл ішінде елдегі өндіріс пен көрсетілетін қызметтердің көлемі еш өзгеріссіз қалып, бағасы өссе де, номиналды ЖІӨ өскен болып есептеледі. Ал нақты ЖІӨ баға өзгерісінің әсерін алып тастап, өндіріс көлемінің қаншалықты өскенін немесе азайғанын көрсетеді. Зерттеуде 2026 жылы Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 4,415% деп бағаланса, 2027 жылға - 4,882%, 2028 жылға - 3,53%, 2029 жылға - 3,777%, 2030 жылға - 3,721%, 2031 жылға 3,603% деп болжанған.
Жұмыссыздық азая ма?
ХВҚ бағалауынша, жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ 2024 жылы 14 459 доллар, 2025 жылы 15 006 доллар болған. 2026 жылға арналған болжам – 19 311 доллар, ал 2031 жылға қарай - 25 539 доллар.
Теңгемен есептесек, жан басына шаққандағы номиналды ЖІӨ 2026 жылы 9,35 млн теңгеге, 2031 жылы 14,56 млн теңгеге дейін өседі деп болжанған. Ал жан басына шаққандағы нақты ЖІӨ 2025 жылғы 889 мың теңгеден 2031 жылы 1,06 млн теңгеге жетуі мүмкін.
ХВҚ болжамында халық саны 2031 жылы 21,668 млн адамға дейін өседі. Жұмыссыздық деңгейі биыл (2025 жылы 4,6%) 4,561%-ға, 2031 жылы 4,336%-ға дейін төмендейді деп көрсетілген.
«Инфляция Ұлттық банктің ырқына көнеді»
ХВҚ тұтыну бағаларының өсуін екі көрсеткішпен есептейді: жылдық орташа инфляция және жыл соңындағы инфляция.
Орташа жылдық инфляция 2024 жылы 8,676%, 2025 жылы 11,379% болған. Қордың болжамы бойынша, 2026 жылы ол 10,316%, 2027 жылы - 8,151%, 2028 жылы - 7,105%, 2029 жылы - 5,819%, 2030 жылы - 5,142%, 2031 жылы 5% болады.
Жыл соңындағы инфляция 2025 жылы 12,347% деп бағаланған. 2026 жылға - 9,4%, 2027 жылға - 7,9%, 2028 жылға - 6,4%, 2029 жылға - 5,3%, ал 2030 және 2031 жылдарға 5%-дан болжанған.
Мемлекеттік кіріс пен борыш
ХВҚ мемлекеттік кірістерді 2025 жылы 29,55 трлн теңге, 2026 жылы 37,3 трлн теңге деп бағалаған. 2031 жылға арналған болжам – 60,51 трлн теңге. Мемлекеттік шығыстар 2025 жылғы 34,46 трлн теңгеден 2026 жылы 39,29 трлн теңгеге, 2031 жылы 66,23 трлн теңгеге дейін жетеді деп көрсетілген.
Кірістердің ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылғы 18,513%-дан 2026 жылы 19,367%-ға, 2031 жылы 19,179%-ға дейін өзгереді. Шығыстардың ЖІӨ-дегі үлесі осы жылдары 21,592%, 20,4% және 20,991% болады деп болжанған. Демек, кірістің ЖІӨ-дегі үлесі артып, шығыс үлесі азаяды.
Мемлекеттік кіріс пен шығыстың айырмасы 2025 жылы минус 4,91 трлн теңге, 2026 жылы минус 1,99 трлн теңге деп бағаланған. 2027 жылы кіріс тапшылығы 5,03 трлн теңгеге, 2028 жылы 5,97 трлн теңгеге, 2029 жылы 6,31 трлн теңгеге жетеді деп болжанған. 2030 жылғы көрсеткіш минус 5,15 трлн теңгеге түсіп, 2031 жылы қайта минус 5,72 трлн теңгеге баратыны айтылған.
Жалпы мемлекеттік борыш 2025 жылғы 38,74 трлн теңгеден 2026 жылы 45,87 трлн теңгеге, 2031 жылы 93,86 трлн теңгеге дейін өседі деп болжанған. Оның ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылғы 24,274%-дан 2026 жылы 23,816%-ға төмендеп, кейін 2031 жылы 29,751%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Таза мемлекеттік борыш 2025 жылғы 10,19 трлн теңгеден 2026 жылы 12,70 трлн теңгеге, 2031 жылы 36,74 трлн теңгеге дейін өседі деп бағаланған. Оның ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылы 6,382%, 2026 жылы 6,592%, 2031 жылы 11,646% болуы ықтимал.
Инвестиция, ұлттық жинақ және сыртқы сауда
ХВҚ болжамы бойынша, ел экономикасына салынған инвестициялар мен негізгі капиталға жұмсалған шығындардың ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылғы 28,205%-дан 2026 жылы 28,383%-ға өседі. 2027 жылы 30,364%-ға, ал 2031 жылы 32,151%-ға жетеді деп көрсетілген.
Ел ішінде өндірілген табыстың тұтынуға жұмсалмай, жинақталған бөлігінің ЖІӨ-дегі үлесі (жалпы ұлттық жинақ) 2025 жылғы 24,136%-дан 2026 жылы 28,928%-ға дейін өседі. 2027 жылы 29,699%-ға жеткеннен кейін, алдағы жылдары аздап құбылып, 2031 жылы 29,253% болады деп болжанған.
Қазақстанның сыртқы саудадан түскен қаржысы мен сол түсімді алуға жұмсаған қаражатының айырмасы (ағымдағы шот сальдосы) 2025 жылы 12,45 млрд доллар тапшылықпен аяқталған. ХВҚ бұл тапшылық 2026 жылы жойылып, керісінше 2,17 млрд доллар профицит болады деп болжайды. Алайда 2027 жылдан бастап сальдо қайтадан тапшылыққа ауысып, 2028 жылы 11,4 млрд долларға, ал 2031 жылы 16,04 млрд долларға жетеді деп бағаланған.
Экспорттың нақты көлемі 2026 жылы 2,255% өседі деп көрсетілген. 2031 жылғы өсім болжамы – 3,529%. Импорт көлемінің өсімі 2025 жылы 8,465% болса, 2026 жылы 2,474%, 2031 жылы 2,415% болады деп күтіледі. Тауарлар экспортының көлемі 2025 жылы 6,227%, 2026 жылы 2,515%, 2031 жылы 3,613% өседі деп бағаланған. Тауарлар импорты 2025 жылы 8,624% өскен, ал 2026 жылға 0,473% төмендеу болжанған. 2031 жылға арналған өсім – 1,999%. Бір сөзбен айтқанда, ХВҚ сарапшылары импортқа тәуелділік біршама азаятынын күтіп отыр.
ХВҚ деректері нені қамтиды?
ХВҚ-ның 2026 жылғы қазан айындағы WEO дерекқорында Қазақстан экономикасына қатысты 42 көрсеткіш бар. Бұл деректер Қазақстан экономикасының 2031 жылға дейінгі номиналды және нақты көрсеткіштерін, мемлекеттік қаржы мен сыртқы сектор бойынша болжамдарын қамтиды.