Президент Жолдауларының іске асырылуын қосымша парламенттік бақылау жүйесімен қамтамасыз ету қажет- Б. Имашев
ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Президент Жолдауларының іске асырылуын заңнамалық деңгейде тиісті құралдармен, тетіктермен және нақты кепілдіктермен бекіту,
оларды қосымша парламенттік бақылау жүйесімен қамтамасыз ету қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Берік Имашев осылай мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, Конституцияның 44-бабы 1) тармақшасына сәйкес Президент Қазақстан халқына елдегi жағдай мен республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды. Қазақстан атынан ел ішінде және одан тысқары жерлерде өкілдік ететін Мемлекет басшысы нақ осы жыл сайынғы Жолдау арқылы мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және конституциялық-құқықтық қатынастардың басты субъектісі - халықпен конституциялық-құқықтық қарым-қатынас жасайды. «Жолдау - бұл ел дамуының стратегиясын, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын, барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдары қызметінің бағдарламасын, оның ішінде адам құқығы саласындағы бағдарламасын айқындайтын мемлекеттік-саяси құжат. Бұл ретте, оның нормативтік-құқықтық акті мәртебесі болмаса да, сонымен бірге міндетті сипаты бар. Өйткені ол өз мәні бойынша мемлекет дамуының ағымдағы жылға арналған стратегиялық жоспары, таяу перспективаға арналған іс-қимыл бағдарламасы болып табылады», - дейді сенатор. Сонымен қатар, Б. Имашев Жолдау ережелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын түзету үшін негіз болып табылатынын, сондай-ақ Президент Жолдаулары Парламентте жария етілетіне қарамастан, оларды іске асыру жөніндегі негізгі жүктемені дәстүрлі түрде Үкімет атқаратынын атап өтті. «Сонымен қатар, заң шығару және жоғары атқарушы билік органдарының осы стратегиялық құжатты іске асыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеп шығарудағы өзара іс-қимылы Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету ісіндегі конституциялық әріптестіктің маңызды аспектісі болып табылады. Іс жүзінде елдің аса маңызы құжатын орындау заңға қосымша деңгейде қамтамасыз етілетін болып шығады. Осыны ескере келе, қазіргі уақытта Президент Жолдауларының іске асырылуын заңнамалық деңгейде тиісті құралдармен, тетіктермен және нақты кепілдіктермен бекіту, оларды қосымша парламенттік бақылау жүйесімен қамтамасыз ету қажеттілігі пісіп жетілді деп санаймын», - дейді Б. Имашев.