Президент Жолдауы - болашақ дамудың кепілі - доцент А. Жұмаділ

АЛМАТЫ. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚР Президентінің биылғы Жолдауы 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді.

Президент Жолдауы - болашақ дамудың кепілі - доцент А. Жұмаділ

Бұл жоспар Қазақстанның әлемдік дағдарыстың қашан аяқталуын күтпей, өзіндік даму стратегиясын белгіледі. Бұл жайында ҚазҰУ-нің доценті Арман Жұмаділ ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

А.Жұмаділдің айтуынша, ҚазҰУ-нің тарих факультеті ұжымы Елбасының барлық бастамаларына қолдау білдіре отырып, оның Қазақстан экономикасы мен халықтың әл-ауқаты мәселелерін үнемі өзінің ерекше назарында ұстап отырғаны толғандырарлық жағдай екенін айтады. Әсіресе, үш мұнай өңдеу зауытының мемлекет қарамағына қайта өткенін, халықты жұмыспен қамту үшін 400 мың жұмыс орнының ашылғаны, еліміздің экономикасы дағдарыстан кейінгі жағдайға тез икемделетініне сенімдері арта түсті.

«Біз, тарихшылар қауымы үшін, бұл жолдау - Қазақстанның ертеңгі күні тежеусіз дамуының кепілдігі. Уақыт өтер, болашақ ұрпақ еліміздің бүгінгі даму үрдістеріне тарихи тұрғыдан көз салады. Сонда, дағдарыс шарпыған қиын жағдайға қарамастан Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көп көңіл бөлгендігі ерекше аталатыны сөзсіз! Биылғы жылы бәсекеге төтеп бере алатын мамандар дайындайтын арнайы жаңадан үш университеттің ашылуы, оларға көрнекті ғалымдар мен оқытушыларды тарту үшін арнайы қордың құрылуы, жаңа оқу бағдарламалар мен оқытудың жаңа жолдарының жасалуы - жас ұрпақтың - ел болашағын ойлаған Елбасымыздың көрегендігі! Ең бастысы, бұның бәрі іске асуы үшін Елбасы тиісті мекемелерге І-тоқсанда оның заңнамалық негізі жасалсын деп нақты тапсырма берді», дейді А. Жұмаділ.

«Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы бізге тек үлкен сенім ұялатып қана қоймай, үлкен жауапкершілікті де артты. Ал, нарық дағдарысына қарамай биыл Ұлы Отан соғысының 65-жылдығына орай соғыс және еңбек майданының ардагерлеріне көрсеткен көмегі барлық қазақстандықтардың көңілінен шықты», дейді доцент.