Президент Жолдауында көтерілген міндеттерге сай Қазақстан экономикасы жаңа белестерді бағындырады - Б.Жәмішев
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысының Жолдауындағы көтерілген қаржы саласына қатысты мәселелердің барлығы сөз жоқ орындалады. Соның арқасында Қазақстан экономикалық дамуда жаңа биіктерге көтеріледі. Қаржы министрі Болат Жәмішев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің Жолдауында көрсетілген еліміздің экономика, қаржы саласына қатысты міндеттердің қалайша жүзеге асырылу қажеттігі бірден түсінікті. Сондықтан қазір бізге олар бойынша атқарылуы тиіс шараларды бүге-шігесіне дейін жан-жақты қарастырып, дайындалып алған жөн. Жолдауда ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасына қатысты жақсы мәселелер көтерілді. Олар бойынша бізге қыруар жұмыстар атқару қажет болады. Жүйелі шаралар әсіресе «Тұрғын үй құрылыс жинақтау банкінің» жаңа мәртебесіне де қатысты қолға алынуы тиіс. Аталмыш банк енді құрылыс саласы бойынша тапсырыс бере алмайды және өзінің клиенттерінің атынан құрылыс ипотекасы нарығына шыға алмайды», деді министр.
Сонымен қатар ол министрлікке «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы бойынша да біршама жұмыстар атқару қажет болып тұрғандығын атап көрсетті. «Себебі, жоба біздің транзиттік әлеуетімізді айтарлықтай арттыруға көмегін тигізеді», деді Б.Жәмішев.