Президенті кубогы: Қоржынға алғашқы алтын медаль түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті кубогы үшін бокстан Халықаралық турнирінің финалдық жекпе-жектері басталды. 57 келіде Сәния Сұлтанқызы жапондық Хирута Мицукимен кездесті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші раундтан бастап екі боксшы жылдам қимылдады. Сәния Сұлтанқызы қарсыласына төне түсіп, барынша қатты соққы жасауға тырысты. Алайда жапондық боксшы джебпен ара қашықтықты сақтап жүрді, қарымта шабуылдары да өтіп тұрды. Екінші раундта Сәнияның бірнеше қатты соққысы діттеген жеріне жетті. Ал үшінші раундта қысым жасап, қарсыласына рингтің ортасын бермеді. Раундтың аяғына қарай екеуі де шаршап қалды. Бірақ жапондық боксшы жылдам қимылдап, бірнеше соққы жасап кетті. Төрешілер шешімімен Сәния Сұлтанқызы жеңіске жетіп, турнирдің алғашқы алтын жүлдесін қоржынға салды.
Айта кетейік, бұған дейін 51 келіде жапондық Намики Цукуми алтыннан алқа тақты. Жартылай финалда ол екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды жеңіп кетті.
Алда 60 келіде екі қазақстандық боксшы - Римма Волосенко мен Айжан Қожабекова алтынды сарапқа салса, 75 келіде Дариға Шәкімова швециялық Лав Холгерсонмен күш сынасып көреді.
Ал ерлер арасында 49 келіде Жомарт Ержан - Теміртас Жүсіпов, 52 келіде Әнуар Мұзафаров - Ладон Роген Сиага (Филиппин), 56 келіде Қайрат Ералиев - Дюк Ламонд Раган (АҚШ), 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов - Икболжон Холдаров (Өзбекстан), 69 келі салмақта Абылайxан Жүсіпов - Асланбек Шыңбергенов, 75 келіде Әбілxан Аманқұл - Ерік Әлжанов, 81 келі салмақта Бек Нұрмағамбет - Бектемір Меликузиев (Өзбекстан), ал +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Максим Бабанинмен жұдырықтасады.
Фото: kfb.kz