Президентке кандидаттардың ұлт тілінде сөйлеу мәнеріне, ойын еркін жеткізуіне көп мәселе байланысты - Лингвистикалық комиссия хатшысы Ф. Оразбаева
![None None](/static/img/plug.webp)
Бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның алғашқы отырысы барысында аталған комиссияның хатшысы Фаузия Оразбаева осылай мәлім етті.
Жиын барысында лингвистикалық комиссияның мақсатына тоқталған комиссия хатшысы Фаузия Оразбаева, кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау рәсімдері туралы да айтып өтті. «Жалпы, лингвистикалық комиссияның мақсаты - кез келген кандидаттың қазақ тілінде, мемлекеттік тілде әдеби нормамен өзінің ойын еркін жеткізуін бақылап, тексеру. Дегенмен, бұнда кандидаттардың лингвистикалық білімі тексерілмейді, коммуникативтік тілдік қарым-қатынас деңгейі тексеріледі. Сондықтан жазатын адам әдеби нормамен ғылым түрінде емес, өзінің ойын өте түсінікті, еркін, қазақтың бай тілімен тұжырымды жеткізе білуі шарт. Ал тағы бір сынақ бойынша үш баспа бетінен аспайтын мәтінді оқу тексеріледі. Бұл ретте мәнерлеп оқуы, дауыстап оқуы арқылы кандидаттардың қазақ тіліндегі нормалардың меңгергендігін анықтауға болады. Расында, сөйлеу мәнеріне, оның сауаттылығына көп мәселе қатысты», - деді Ф. Оразбаева. Оның айтуынша, Президенттікке әрбір кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, қазақ тілді аудиториямен қарым-қатынасқа еркін баруы да басты назарда ұсталады.