Президентке кандидаттарға қойылар талап бұрынғыдан да зор - Лингвистикалық комиссия төрағасы М. Жолдасбеков

АНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Президентке кандидаттарға қойылар талап бұрынғыдан да зор.
None
None

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның алғашқы отырысы барысында аталған комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков осылай мәлім етті.

«Президент сайлауы мемлекет өміріндегі аса жауапты кезең. Шынтуайтына келгенде, жұрттың көбі референдумға әзірленіп жүргенде, Елбасы кезектен тыс сайлау жариялады. Сондықтан да, конституциялық талапқа сай келетін президенттікке кандидаттардың тілдік деңгейін анықтау үлкен міндет. Оның үстіне бүгінгі күні мемлекеттік тілге талап бұрынғыдан да зор. Бұдан бөлек, менің ойымша, Қазақстанға Президент болар адам өзінің қайраткерлігімен ғана емес, мемлекеттік тілді меңгеру, тілді құрметтеу жағынан да үлгі болуы керек», - деді М. Жолдасбеков.

Сонымен бірге, комиссия төрағасы кандидаттардан алынатын емтиханның әділ өтетіндігіне, талаптың заң аясында әрі қатал болатынына сөз берді. Сонымен қатар, М. Жолдасбеков «мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген нормаға түсінік бере келе, ондағы талаптарға да тоқталып өтті. «Кандидаттың 2 беттік жазба жұмысы сапалы болуы тиіс. Бұдан бөлек, кандидат комиссия алдында 15 минөт сөз сөйлеуі де керек. Біз олардың әрбір сөз саптауына жіті мән береміз. Қате, кемшіліктері міндетті түрде хатталады. Шығармасы ақпарат құралдарына да көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, БАҚ үшін үдеріс барысы ашық болады», - деді М. Жолдасбеков. Яғни, кандидаттарға мүмкіндік берілуі үшін БАҚ олардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінің басталуын және комиссияның әрбір кандидат бойынша шешім қабылдау үдерісін тұтастай байқауға рұқсат береді.

Соңғы жаңалықтар