Президентке Маңғыстау облысындағы инвестициялық жобалар таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысына Маңғыстау облысындағы инвестициялық жобалар таныстырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Өңірдегі ірі инвестициялық жобалар қатарында Ақтау қаласындағы қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы, мультимодальды логистикалық-авиациялық хаб, кеме құрастыру верфі, бекіре балығын өсіру және уылдырық өндіру шаруашылығы, «Бозжыра» визит орталығын салу, сондай-ақ аммиак-карбамид кешенін іске қосу секілді елеулі жобалар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр аймақ экономикасына 1,1 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құны 36 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 530 тұрақты жұмыс орны ашылған. 5,7 триллион теңгеге 55 әлеуетті инвестициялық жобаның пулы жасақталды.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өткенін жаздық.