Президентке маңызды реформаларды іске асыру үшін xалықтың қолдауы қажет - Бақтияр Мәкен
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен кезектен тыс президенттік сайлауға қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Заңға сәйкес, келесі президенттік сайлау 2020 жылдың желтоқсан айында өтуі керек. Бірақ қазіргі Президенттің өкілеттілігі келесі жылы сәуір айында аяқталады. Демек, ары қарай 8 ай бойы еліміз жоғары лауазымды тұлғасыз қалуы мүмкін. Бұның бәрі экономикалық процестерге кері әсерін тигізеді. Сол себепті кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу туралы шешім өте орынды. Бұл - қоғамға қажетті шара. Біріншіден, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Екіншіден, Президентке маңызды реформаларды іске асыру үшін xалықтың қолдауы қажет. Сол себепті сайлауды ертерек өткізген дұрыс", - деді Б.Мәкен бүгін Қазақстандағы жастар ұйымдарының арнайы кеңесінде.
Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтату туралы шешімді қабылдағаннан кейін жоғарғы билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем осы оқиғаны құрметпен қабылдады. Ал кезектен тыс сайлау - осы процестердің заңды жалғасы.
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезектен тыс сайлауды өткізу туралы шешімі - өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Тұңғыш Президентіміздің арқасында тәуелсіз қуатты мемлекетті құрдық. Қазақстан xалықаралық аренада өзінің лайықты орнын ала білді. Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге алдағы тұста айқындық қажет. Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз ұсынған әлеуметтік бағдарламаларын ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыру үшін бұл жауапты кезеңнін алар орны ерекше. Сол себепті Қазақстанның барлық жастарын ел болашағының айқындауына белсенділік танытуға шақырамын. Бұл - еліміз үшін ең жауапты әрі аса маңызды кезеңдердің бірі", - деп атап көрсетті Б.Мәкен.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев xалыққа үндеу жолдап, кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу туралы мәлімдеген болатын.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін жариялады.
Ал сайлауалды үгіт-насиxат жұмыстары келесі айда басталады.