ПРЕЗИДЕНТТЕН ҰОС АРДАГЕРЛЕРІНЕ: Президент саясатына ризамыз - Рафик Валиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдау бойынша жалпыұлттық бастама көтерді. 2015 жыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы туы астында өтетін болады. Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі аталған шараға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған белсене қатысуда, дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің басқарма төрағасы Рафик Валиев.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері Кашфулла Зигангировті 91 жылдығымен, Бибіфаузия Тайгунованы 90 жылдығымен құттықтадық. Оларға азық-түлік жиынтығы мен ақшалай сыйлық табысталды. Құттықтауға қатысқан Салих Ернеев ардагерлермен әңгіме кезінде еліміздің табыстары туралы әңгіме қозғады:
«Соғыс жеңімпаздарына қашан да құрмет пен қолдау көрсету - біздің парызымыз. Біздер үшін сіздер әркез ерліктің, еліктеудің үлгісі болып табыласыздар», - деді ол.
Тыл еңбеккері Фағила Қарағожина мен «Дуслык» ансамблінің мүшесі Халима Шарипова ардагерлерге арнап жастық шақты еске түсіретін татар халық әндерін орындап берді.
«Біздің Президенттің аға буын өкілдеріне қамқорлық таныту саясатының арқасында біз еш таршылық көріп отырғанымыз жоқ. Сондықтан Елбасына, басқа да ел азаматтарына алғысымыз шексіз», деді ризашылығын жасыра алмаған К.Зигангиров.
Біздер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Елбасының ардагерлерге қамқорлық көрсету жөніндегі бастамасын толықтай қолдаймыз. Жалпыұлттық акцияны жасына, ұлтына қарамастан, барлық қазақстандықтар жалғастырып әкетулері тиіс. Өйткені, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс - баршамыздың ортақ Жеңісіміз, деп жазады egemen.kz.