Президенттер Электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық жетістіктерімен танысты 

ДУШАНБЕ. KAZINFORM –  Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға биыл екі елдің мамандары Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы мен SmartBridge жүйелерінің негізгі компоненттерін Тәжікстан серверлерінде сәтті орналастырғаны жөнінде баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Тәжікстанның Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігінің директоры Мирзо Хуршед тәжік мамандарының арнайы оқу курсынан өткенін жеткізді. Қазір Тәжікстанның мемлекеттік органдарына арналған сайттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынып, IT-шешімдерді интеграциялау ісі егжей-тегжейлі пысықталып жатыр.

Касым-Жомарт Токаев и Эмомали Рахмон
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері жайында мәлімет берілді. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективті бағытының бірі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапармен барғанын жазған болатынбыз.

Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қасри Миллат» сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.