Президенттік қолдау: Батыс Қазақстанда коммуналдық қызметтер бағасы төмендеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коммуналдық қызметтер бағасы төмендеді. Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Оралбек Құлмұрзин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай кезінде 1 сәуірден бастап өңірде коммуналдық қызметтер бағасы арзандады.

Атап айтқанда, Орал қаласы тұрғындарына «Батыс су арнасы» ЖШС-ның сумен қамту қызметі қосымша құн салығын қоса есептегенде 1 м3 үшін 46,28 теңгеден 44,89 теңгеге дейін немесе 3 пайызға тариф төмендетілді.

Сол секілді қала тұрғындарына «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылумен қамту қызметі қосымша құн салығын қоса есептегенде 1 Гкал үшін 4 122,1 теңгеден 3 916,0 теңгеге дейін немесе 5 пайызға азайтылды.

Облыс тұрғындарына «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның электрмен қамту қызметі қосымша құн салығын қоса есептегенде 1 кВт/сағат үшін 12,64 теңгеден 12,27 теңгеге дейін немесе 3 пайызға түсті.

«Ақсайжылуқуат» МКК да Ақсай қаласының тұрғындары үшін жеңілдік жасады. Дәлірек айтқанда, жылумен қамту қызметіне ҚҚС-мен есептегенде 1 Гкал үшін 4 016,68 теңгеден 3 735,5 теңгеге дейін немесе 7 пайызға, сумен қамту қызметіне ҚҚС-мен есептегенде 1 м3 үшін 51,25 теңгеден 47,67 теңгеге дейін немесе 7 пайызға және су бұру қызметіне ҚҚС-мен есептегенде 1 м3 үшін 51,33 теңгеден 47,75 теңгеге дейін немесе 7 пайызға тариф төмендетілді.

«Газ бағасы ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетімен реттелетін болады. Өңірдегі монополист кәсіпорындарға төтенше жағдай кезінде берешегі бар тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсетуді тоқтатпауды өтініп, ұсыным хат жолдадық», деді О. Құлмұрзин.


Соңғы жаңалықтар