Президенттік мәдениет орталығында мерекеге арнап келіндер арасында сайыс өтті
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Халықаралық әйелдер күніне орай 35 жасқа дейінгі қызметкерлер арасында келіндер сайысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда жас келіндер қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, ұлттық тағам түрлерін әзірлеу, шай құю, мақал-мәтел мен көркемсөз оқу, қолөнер шеберліктерін қаншалықты меңгергендерін көрсетуден сайысқа түсті. Сайыс соңында, барлық қатысушылар бірігіп қазақтың ұлттық «Қара жорға» биін биледі.
Қазылар алқасының шешімімен Рүстем келіні Индира - «Инабатты келін», Закария келіні Гүлнұр - «Парасатты келін», Исламбек келіні Лаура - «Шебер келін» атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жүлделі орындарға Дәуренбек келіні Нұршаш (3 орын), Құралбай келіні Жұлдыз (2 орын), Алпамыс келіні Жаңагүл (1 орын)
ие болды. Ал бас жүлде - зергер Берік Әлібай тағайындаған тастан жасалған бойтұмарды Тұрсынғазы келіні Ләззат жеңіп алды.
Байқауды ұйымдастырушылардың айтуларынша, қазақ келіндерінің инабаттылығы мен кішіпейілділігін паш еткен бұл сайыстың, әсіресе, жастар үшін тағылымды тұстары мол. Халқымыздың дәстүрге айналған салт-жоралғылары: ата мен енеге сәлем салу, қайын іні мен қайын сіңліге ат қою, үлкеннің атын атамау, бесік жыры, ас мәзірлерін дайындау дәстүрлері болашақ аналарға айта жүретін мектеп болды.