«Президенттік сайлау үдерістері белгіленді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шара­лардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Президенттік сайлау үдерістері белгіленді» деген тақырыппен мақала жарияланды. басылымның жазуынша, ел Президенті Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматтары жалпыға бiр­дей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланатынын хабарлады. Және заңға сәйкес ел президенті болуға тумысынан Қазақстан Республи­касының азаматы болып табыла­тын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын азамат сайлана ала­тындығын жеткізді. Президент­тікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5 ақпанда басталып, 20 ақпанда аяқталады, ал пре­зи­дент­тiкке кандидаттар ұсынуға саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бiрлестiктер құқылы. Сондай-ақ азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Сайлаушылардың президенттiкке кандидатты қол­да­уы олардың қол жинауы ар­қылы расталады. Әрбір прези­дент­тiкке кандидат ең аз дегенде еліміздің 14 облысының кемінде 9-ынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан теңдей өкіл­дік ететін 91 мың қол жинауы тиіс. Президенттікке кандидаттар­ды тіркеу кандидаттар барлық қа­жетті құжаттарды ұсынғаннан кейін басталады және 2011 жыл­ғы 2 наурызда аяқталады.

«Қазақстан негізгі серіктес және инвестор». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақалада кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Алмазбек Атамбаевты қабылдағаны жайында жазылған. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Қырғызстан Премьер-Министрі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қыр­ғыз­стандағы ахуалды тұрақтан­дыру үдерісіндегі рөлін жоғары бағалады және қырғыз халқы үшін қиын кезеңдерде Қазақстан тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді. Жалпы, 20 миллион доллардан астам гу­манитарлық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, А.Атамбаев Қыр­ғыз­стан үшін Қазақстан негізгі се­ріктес және инвестор болып та­былатынын атап өтті. 2010 жылы мемлекеттер арасындағы сауда ай­налымының көлемі 500 миллионнан астам долларды құраған.

***

«Кеше Қарағанды қаласында өткен алқалы жиында облыс аумағындағы мектептердің директорлары мен психолог-мамандар, сондай-ақ жергілікті полиция өкілдері облыста жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасының көбейіп бара жатқанына қатты алаңдаушылық білдірді» - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Алдын алмаса болмайды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 2009 жылы облыс көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың 18 қайғылы оқиғасы орын алса, дәл сол жылы аймақта 25 жас өзін-өзі өлтіруге әрекет жасаған. Ал өткен жылы дәл осындай 33 суицид оқиғасы тіркеліп, жалпы саны 28 жасөспірім өмірмен қоштасқан. Облыс бас полицейінің айтуынша, мұндай қайғылы оқиғалар бойынша Қарағанды және Теміртау қалалары алдыңғы орында көрінеді.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаевпен арадағы сұхбат «Ең қиын нәрсе - өзіңнің заманың туралы жазу» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген қаламгер: «Мемлекеттік сыйлық әбден керек. Дүниеде әдеби сыйлығы мол елдер - Франция мен Ресей. Әдеби сыйлықтардың болғаны жөн. Тек олар әділдік жолымен берілуі тиіс. Қажығұмардың әлгі айтулы еңбегін екі айдың ішінде оқып шықтым. Бұл - үлкен, кесек бітімді шығарма. Қазақ елінің бір бөлшегінің жарты ғасырлық өмірін көрсеткен, М.Әуезовтің «Абай жолынан» кейінгі күрделі эпикалық шығарма. Жазушылар одағының проза секциясында талқыланғанда, 20 шақты адамның ішінен жетеуі ғана осы кітапты қолдап дауыс берді, қалғандары қарсы болды. Қарсы болатын себебі, біріншіден, олардың ешқайсысы шығарманы толық оқымаған, екіншіден, кейбір жігіттердің «Қытай қазақтарының арасында қаншалықты көркем шығарма туады» дейтін күдіктері де бар. Саяси жағдайды да алға тартқандар жоқ емес», - депті.

***

«Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінің тұрақты «Бүкпесіз әңгіме» айдарынан тегіндегі «ов» тіркесінен ада болғандар көп кездесе бермейтін Парламент Мәжілісіндегі депутаттардың бірі Құрманғали Уәлидің қысқаша қайырған әңгімесінен таныс бола аласыздар. Кезінде Шу ауданының әкімі болған Уәли мырза бүгіндері мансапқа ұмтылмайтынын, бірақ ауылдың мәселесі ауызсу, жол мен коммуникация сынды өзекті мәселесін шешу бағытында қолдан келген еңбегін аямасын айтады. Қазақы болмыстағы халық қалаулысының жеке сырларынан хабардар болғыңыз келсе, басылымдағы «Сенесіз бе, кішкентай немерем орысша білмейді» деген тақырып назарыңыздан тыс қалмасын.

«Қызыл шоқтай қарыған, Қазаққа сөз дарыған» десе дегендей-ақ, атамыз қазақ қай заманда да оралымды ойын көркем тілмен кестелей білген. Ердің құнын екі ауыз сөзбен кескен. Қолмен тарқатылмас түйінді тілмен шешкен. Қалжыңының өзі кісіні мақтамен бауыздарлықтай соншама өткір және мейлінше жарасымды болғаны белгілі. Бүгінде соның бәрінің орнын сипап қалғандай сыңайдамыз. Осы орайда, әсіресе қазақы қалжың мәселесі ойландырады. Өйткені сөз сұйылып, күлкі дарақыланып кетті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Қазақы қалжың қайраңдап тұр» деген мақаласында. Жазылған жайттың байыбына барып, қазақы әзіл-қалжыңға сусындағыңыз келсе, басылымның сенбілік санын жіберіп алмаңыз.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысының атына қазақстандықтардан Елба­сы­ның кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қуаттаған хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде. Мәселен, Жамбыл облысы, Меркі ауылының тұрғыны Сәкен Дәрменов өз хатында: «31 қаңтарда қабылдаған шешім - тек ұлы адамдардың қолынан келетін іс. Бұл арқылы біздің Президент әлемдегі беделін тағы да арттыра түсті. Сөйтіп, өзінің жеке басынан гөрі халық қамын жоғары қоятынын көрсетті», - деп жазады. Одан әрі автор «Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды мұратына жеткізетін ұлы тұлға», деп өзіндік пікірін білдіреді.

Соңғы жаңалықтар