17:04, 04 Ақпан 2011 | GMT +5
Президенттік сайлауда қолданылатын бюллетеньдерде «барлығына қарсымын» деген белгі болмайды
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2011 жылдың 3 сәуірінде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауда қолданылатын бюллетеньдерде «барлығына қарсымын» деген белгі болмайды.
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысынан соң журналистердің сауалдарына жауап берген осы комиссияның төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов айтты.
«Президент сайлауында қолданылатын бюллетеньдерде мұндай белгі қарастырылмаған. Бюллетеньде кандидаттың аты, әкесінің аты мен тегі көрсетіледі. Адамдардың атауларының алдында дауыс беру белгісі тұрады»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сондай-ақ ол кандидаттардың үгіт-насихаттары үшін бөлінетін қаржының жобасы дайындалып жатқандығын айтты. «Жақын арада біз ол жобаны Үкіметке жолдаймыз. Тек содан кейін ғана нақты мәліметтер туралы айтуға болады»,-деді ОСК-ның төрағасы.