Президенттік сайлауға бір кісідей қатысып, дауыс беру - әр азаматтың абыройлы борышы - БҚО (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда «Ауған соғысы мүгедектері және ардагерлерінің БҚО қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Елбасының ҚР Президентігі сайлауына қатысу туралы шешімін қолдауға арналған жиын өтті.
Аталмыш қоғамдық бірлестік төрағасы Тахир Қосжановтың атап өткеніндей, шара мақсаты тәуелсіз еліміздің тұтастығын сақтап, ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру болып табылады. Қазақ елінің одан әрі өркендеуі үшін екпінді еңбек етіп, қажет жағдайда Отан қорғаудың қаншалықты маңызды екендігін ауған соғысының ардагерлері де жақсы түсінеді. Сондықтан олар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, жастарға жол сілтеуге өз үлестерін үнемі қосып келеді. Сайып келгенде, алдағы сайлауға бір кісідей қатысып, дауыс беру - әр азаматтың абыройлы борышы.
Сондай-ақ жиынға қатысқан БҚО Азаматтық альянсы, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.