Президенттік сайлауға қатысуға өтініш берген Қанат Есжанов мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттік сайлауға қатысуға үміткер ретінде ОСК-ға өтініш берген Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз азамат Қанат Есжанов мемлекеттік тілді еркін меңгермеген.

Президенттік сайлауға  қатысуға өтініш берген Қанат Есжанов мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады

Бүгін аталмыш кандидаттан емтихан алған Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия өкілдері осындай шешім шығарды.

Комиссия отырысынан соң Қ.Есжановтың емтихан тапсыру нәтижелерін қорытындылаған лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің сөзіне қарағанда, үміткер үш кезеңнен тұратын емтиханның біріншісінде «Тәуелсіздік белестері» деген тақырыпта шығарма жазды. Үміткер шығармаға қосымша уақытты да пайдаланды. «Оның нәтижесі - жазба жұмысында ауызекі сөйлеу тілі басым болды. Әдеби нормамен жүйелі ой айту жетіспейді. Ол «ұ»,«ү», «у» әріптерін шатастырды. Сондай-ақ «а» мен «ә» әріптерін шатастырды. Жазба жұмысында 20 еміле қатесі, 12 дыбыс белгілері қателері, 4 стильдік қателер, барлығы 36 қате кетті»,-деді комиссия төрағасы.

Сондай-ақ оның сөзінше, үміткер емтиханның екінші кезеңінде Абайдың қара сөздерін ежіктеп, өте қиналып оқыды. «Бұдан соң біз оған 33-ші, 34-ші және 35-ші қара сөздер бойынша сұрақ қойдық. Бірақ үміткер оған жауап бере алмады. Үшінші кезең «Қазақ спорты белестен, белеске» деген тақырыпқа арналды. Алайда үміткер спорттан хабары шамалы екендігін айтып, басқа тақырып сұрады. Біз үміткерге дайындалу үшін 1 сағат уақыт бердік. Қ.Есжанов үшінші кезеңге белгіленген 15 минуттың орнына 6 минут сөйледі. Біз сұраққа анық жауап ала алмадық, сұрақ ашылмады. Оның үстіне, үміткер орысша-қазақша сөздерді араластырып сөйледі. Сондықтан лингвистикалық комиссия өкілдері «ҚР Президенттігінен үміткер Қ.Есжанов қазақ тілін еркін меңгермеген» - деп шешті»,- деді М.Жолдасбеков.