Президенттік сайыс жасұландықтардың дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетті
ЩУЧИНСК. ҚазАқпарат – Щучинск қаласында «Жас ұлан» республикалық мектептері мен әскери колледждердің тәрбиеленушілері арасында әскери-спорттық ойындар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жарысқа 6 команданың атынан 70-тен астам тәрбиеленуші қатысты. Бағдарламаға президенттік сайыстар мен армиялық гір көтеру бойынша чемпионат кірді.
Пневматикалық қарудан ату, белтемірге тартылу, 3 шақырым шаңғымен жүгіру сынақтары болды. Армиялық гір көтеру спортында қолды кезек-кезек ауыстыра отырып, белгіленген салмақты көтеру міндеттелді.
«Мектептер мен колледждердің тәрбиеленушілері үшін бұл – өз күштері мен қабілеттерін тексеру, біз үшін – келешегі зор спортшыларды анықтау және болашақта олардың әлеуетін ашуға көмектесу мүмкіндігі. Біз жарысқа қатысушылардан екі пән бойынша қабылдадық – Президенттік тест және гір тасын жұлқи көтеру. Балалар өте жақсы нәтиже көрсетті деп толық айтуға болады», - деді Спорт комитеті - Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының төрағасы Ольга Шишигина.
Президенттік жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Алматы қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командасы, 2-орынды Шымкент қаласының «жас ұландары», 3-орынды Астана қаласындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері иеленді.
Армиялық гір тасын жұлқи көтеруде Шымкент қаласының «Жас ұлан» республикалық мектебінің құрамасы 1-орын алды, 2-орында Астана қаласының әскери колледжі, 3-орында – Алматы қаласының тәрбиеленушілері.
Президенттік тест сайысы 1996 жылы енгізілген болатын. Бұл – бірқатар жаттығудың жиынтығы, олардың орындалуы азаматтардың жалпы дене шынықтыру деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
