Президенттік үстемеақы медицина мамандарын ынталандырады - елордалық дәрігер
«Біздің бөлімнің ұжымына кеше Президент тапсырмасымен тағайындалған үстемеақы берілді. Ұжым атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Үкіметке алғыс айтқым келеді. Барлық дәрігерлер, медбикелер, одан да басқа қызметкерлер осындай қиын кезеңде қаржылай көмек алып отыр. Олар мұнда күндіз-түні жұмыс істейді,коронавирустық инфекциямен алдыңғы шепте күресіп жүр. Медициналық қызметкерлерді үш топқа бөлді, ал ең жоғары қаупіте тұрған біздің ұжымға 3 ай бойы 20 АЕК көлемінде 850 мың теңге қосымша төленді. Оған дейін де Президент тапсырмасымен сыйақы түскен еді, бұл медициналық қызметкерлерді ынталандырады», - деді М. Әбдірахманова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.
Қалалық фтизиопульмонология орталығының мамандарына басқа да қолдау көрсетіліп жатыр. Олар «Hilton» қонақүйіне уақытша жайғасты және барлық тағаммен, жұмысқа барып-келетін арнайы көлікпен қамтамасыз етілді.
Сонымен бірге, дәрігерлер арнайы киім, маска, көзілдірік сынды қорғаныс құралдарымен және иммунитетті нығайтатын дәрумендермен толық қамтылды.
«Орталықта науқастарға қажетті барлық дәрі-дәрмек бар. Орталық дәрігерлеріне үздік клиника мамандары телефонмен және бейнебайланыспен консультациялық көмек береді. Мемлекеттің осындай қолдауы үшін қуаныштымыз. Әрине, біз де індетті еңсеруге бар күшімізді саламыз», - деді М. Әбдірахманова.
Еске сала кетсек, наурыз айының соңында ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы шараларға атсалысқан медициналық қызметкерлерге үстемеақы тағайындады.