Президенттікке кандидат Сәлім Өтен мемлекеттік тілден сынаққа уақытында келе алмады
Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистердің сауалдарына жауап қайтарған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Президенттікке кандидат аталмыш азамат мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне байланысты емтиханды бүгін тапсыруы қажет болатын. «Біз бүгін емтихан өтетіндігі жөнінде кандидатқа кеше ескерткен болатынбыз. Алайда ол бүгін Ақтөбе қаласында жүрген болып шықты. Сондықтан ол лингвистикалық комиссияның отырысына келе алмай, сынақ мерзімін кейінге шегере тұруды сұрады. Енді біз оны күтеміз», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.
Оның сөзінше, «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптары бойынша, кандидаттыққа өздерін-өздері ұсынған азаматтар тиісті құжаттарды тапсырғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы 5 күн ішінде құжаттардың талапқа сай екендігін тексеріп бітуі керек. «Ал ертең біз аталмыш кандидаттың сайлау талаптарына сәйкестігін анықтап, қаулы қабылдауымыз қажет», - деді Б.Мелдешов.
Оның айтуынша, мемлекеттік тілден емтиханды Президенттікке кандидаттардың барлығы тапсырады.