Президенттікке кандидаттардың сайлау қорлары «Қазақстан Халық жинақ банкінен» ашылатын болды - ОСК-ның отырысы
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов аталмыш комиссияның отырысында мәлім етті.
Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары бар бұл банктің қызметі бұрынғы сайлаулар кезінде де пайдаланылған.
Қ.Тұрғанқұлов сондай-ақ сөзінде Президенттікке кандидатқа расталған 91 мың қол қажеттігін атап көрсетті. Ал кандидатты қолдаушылардың қолдарын сенім білдірген адамдары жинайды. Қол жинайтын топтар мен олардың адамдарының саны шектелмейді. «Кандидатты қолдап, қол қойылған парақтар аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады. Ол комиссиялар қойылған қолдардың растығын құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен 10 күн ішінде тексереді және тиісті хаттама жасап, Орталық сайлау комиссиясына жібереді», - деді ОСК-ның төрағасы.