Президенттікке саяси партия ұсынған кандидаттың мүмкіндігі өзгелерден озық болады - ОСК төрағасы

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың пікірінше, Президент сайлауына өзін-өзі ұсынған азаматтардан гөрі саяси партиялар ұсынған кандидаттардың мүмкіндіктері зор болады. Ол бұл пікірінбүгін журналистермен болған брифингте білдірді.

Президенттікке саяси партия ұсынған кандидаттың мүмкіндігі өзгелерден озық болады - ОСК төрағасы

ОСК төрағасының сөзіне қарағанда, кезектен тыс Президент сайлауына қатысу үшін ОСК-ға өтініш түсірген 22 үміткердің тек 4-уі ғана Президенттікке кандидат мәртебесіне ие болды және олардың үшеуі саяси партиялар ұсынған кандидаттар. «Ал ОСК-ға өзін-өзі ұсыну жолымен өтініш берген азаматтардың барлығы дерлік (Президенттікке кандидат Мэлс Елеусізовты айтпағанда-ред.) Президенттікке кандидат болып тіркеле алмады. Осыдан келіп, болашақ саяси партияларда деген қорытынды шығаруға болады»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.

Оның айтуынша, жағдайдың бұлайша сипат алуының екі себебі бар. «Біз оған осы кезектен тыс сайлау барысында тағы да көз жеткіздік. Біріншіден, өзін-өзі ұсынған азаматқа заңда талап етілген еліміздің аймақтарындағы 91 мыңнан астам тұрғынның дауысын жинау оңай емес. Өйткені мұндай күрделі жұмысты жүзеге асыру үшін көптеген ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру керек. Ал саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың аймақтарда өздерінің филиалдары мен өкілдіктері бар. Сондықтан олар дауыс жинау жұмыстарын тиісті мөлшерде әрі дер кезінде жүзеге асыра алады. Кезектен тыс Президент саулауының науқанында біз осыған анық көз жеткіздік»,-деді ОСК төрағасы.

Сондай-ақ оның сөзінше, сайлауға түсуге ниет білдіріп, өзін-өзі ұсынған азаматтарда сайлау қорлары әдетте екі көзден құрылады.

«Ол кандидаттың өзінің жеке қаржысы мен азаматтар тарапынан бөлінген қайырымдылық қаржысы. Ал саяси партиялар ұсынған кандидаттарда алдында аталған қорлардан өзге тағы қосымша қаржы көзі бар. Ол - саяси партия бөлген қаржы. Міне осындай екі басымдық кезектен тыс Президент сайлауы науқанында саяси партиялардың өзгелерден мүмкіндіктерінің әлдеқайда жоғары болатындығын көрсетті»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.