Президенттікке үміткер Қ.Төрегелдиев «Отты жылдар тағылымы» тақырыбы арқылы мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдемек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында президенттікке өзін-өзі ұсынған Қанат Төрегелдиев сынақ тапсыруға кірісті.
«Бүгін қазақ тілін еркін меңгергендігін дәлелдеу үшін презденттікке үміткер Төрегелдиев Қанат Сыбашұлы мырза келіп отыр. 1962 жылы туылған, білімі жоғары. Бұл кісі өзін-өзі ұсынып отыр. Уақытша жұмыс істемейді», - деді үміткерді таныстырған комиссия мүшесі Мырзатай Жолдасбеков.
Оның атап өтуінше, Қ.Төрегелдиев 2011 жылы өткен президенттік сайлауда да үміткер ретінде тіркеліп, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау сынағына қатысқан.
«Өзіңіз де жақсы білесіз, бұрынғы ретпен үш сұрақ беріледі. Біріншісі, жазба жұмысы. Арнайы дайындалған тақырыптан бірін таңдап аласыз. Сізге 1 сағат уақыт беріледі. Егер үлгермей жатсаңыз, онда комиссия тағы 30 минут қоса алады. Екінші кезеңде көркем шығармадан мәтін оқисыз. Одан өткеннен кейінгі үшінші сынақ - еркін тақырып. Ол да алдын ала белгіленген. Соның ішінен бірін таңдап, 1 сағат дайындалып, сол тақырып төңірегінде сөйлейсіз», - деді комиссия төрағасы.
Осыдан кейін президенттікке үміткер Қ.Төрегелдиевке «Отты жылдар тағылымы» тақырыбы түсті. «Отты жылдар тағылымы» дейді. Бұл қай отты жылдар? Соғыс жылдары ма?», - деп сұрады үміткер комиссия мүшелерінен.
«Біз отты жылдар дегенде негізінен Ұлы Отан соғысын айтамыз ғой. Тарих қойнауына ары қарай енсеңіз ұзақ-сонар әңгіме болып кетеді», - деп жауап берді М.Жолдасбеков.
Айта кетейік, Қанат Төрегелдиев 2011 жылы да президенттік сайлауға үміткер болып, алайда өз жақтаушыларының қолын жинап үлгермегендіктен кандидатурасын қайтып алған болатын.