Президенттікке үміткер Қ. Турагелдиев пен Ж. Бәзілбаев өздерінің кандидатураларын алып тастайтындықтарын мәлімдеді

АНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттікке үміткер Қанат Турагелдиев өзінің кандидатурасын алып тастау жөнінде Орталық сайлау комиссиясына өтініш түсірді.

Президенттікке үміткер Қ. Турагелдиев пен Ж. Бәзілбаев өздерінің кандидатураларын алып тастайтындықтарын мәлімдеді

Бұл туралы бүгін үміткер журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген мәселелер көңілден шығады. Ондағы көп мәселелер қазақтың жағдайын оңалтуға бағытталған. «Мен елімізге сырттан келіп, жақсы жетістікке жеткен азаматтарды білемін. Олардың барлығы осындай жағдайға тек ауызбірліктің арқасында ғана жетіп отыр. Сондықтан біз де, яғни қазақ халқы үлкен жетістіктерге жетуіміз керек. Біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, тіршілік етуіміз керек. Мен Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттерді жан-жақты саралай келе осындай шешім жасадым. Орталық сайлау комиссиясы менің құжаттарымды қабылдады. Мен қазақ тілінен емтиханнан де өттім. Сайлаудың әділ өтіп жатқанына көз жеткіздім», - деді үміткер.

Қ.Турагелдиев Президенттікке үміткер ретінде ҚР Орталық сайлау комиссиясына 14 ақпан күні өтініш беріп, 16 ақпан күні Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінбей өткен болатын.

Сонымен қатар бүгін Президентікке үміткер тағы бір кандидат - өзін-өзі ұсынған Жемқорлықпен күрес қоғамдық комитетінің төрағасы Жақсыбай Бәзілбаев та кандидатурасын алып тастайтынын, сайлау алды науқанынна қатыспайтынын айтты. Ол бұндай шешім қабылдағанын бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында жеткізді.

Айта кетейік, Ж. Бәзілбаев Президенттікеке үміткер ретінде ҚР Орталық сайлау комиссясына 18 ақпан күні өтініш берген болатын. Ал 22 ақпанда ол мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі ОСК лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінбей өтті. Содан кейін оған өзін қолдаушылардың дауысын жинау үшін қол қою парақтары берілді. Ал жақында Орталық сайлау комиссиясы Ж. Бәзілбаев өзін қолдайтын сайлаушылардың дауыстарын жинауға әлі кіріспегенін хабарлаған болатын.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды тіркеу үміткерлердің жоғары мемлекеттік лауазымға барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін басталады және 2011 жылғы 2 наурызда аяқталады.

Айта кетейік, осы сәтке дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрт үміткерді, атап айтқанда «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымовты және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізовты. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.