Президенттікке үміткер М.Елеусізовтың қатысуымен Алматы маңындағы бұлақ көзі қайта ашылды
АЛМАТЫ. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Табиғат» экоодағының төрағасы, ҚР Президенттігіне үміткер М.Елеусізовтың қатысуымен Алматы маңындағы бұлақ көзі қайта қалпына келтірілді.
Естеріңізге сала кетсек, жол құрылысы жүргізілуіне орай, қала маңындағы бұл бұлақтың асфальт астында қалу қаупі төнген болатын. М.Елеусізов 24 наурыз күні осы бұлақ көзін ашып, қайта қылпына келтіруге жауапкершілік алған еді.
Табиғат жанашыры бұлақ көзін тазалау мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырып, осылайша, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы осындай бұлақтарды қайта қалпына келтіруге арналған бағдарламасын бастады.
«Бұл бұлақ көзіне 150 жылдан астам уақыт болды, оның емдік қасиеттері бар. Сондықтан біз оны қорғауымыз керек. Кеңес заманында өкімет шипалы судың маңында шипажай құрылысын жобалаған болатын. Өкінішке орай, су құрамында тек бір ғана қоспа жетпегендіктен, құрылысты жүргізуге рұқсат берілмеді»,-деді М.Елеусізов. Оның айтуынша, бұлақ көзі жақын маңдағы тұрғындардың осы маңға қоқыстарды тастауынан бітеліп қалған.