Президенттікке үміткер Мұрат Телібеков мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға келмей қалды
АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттікке үміткер Мұрат Телібеков Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды.
Бұл туралы бүгін аталмыш лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлім етті.
«Біз Президенттікке үміткер Мұрат Телібековті емтиханға келеді деп 1 сағат күттік. Ал үміткер уақытында емтиханға келмеді. Енді біз ол кісіден емтиханды бүгін түстен кейін алуға тырысамыз. Бірақ үміткердің түстен кейін де келетініне сенімді емеспін. Біз үміткермен телефон арқылы байланысуға тырыстық. Алайда ол телефонын да көтермейді. Мен осыған таң қаламын. Шындығын айтсам, жеке менің өзім мұндай адамнан емтихан алғым келмейді»,-деді М.Жолдасбеков.
Оның пікірінше, заңды, адам құқығын сыйлау әрбір азаматтың парызы. Оның үстіне уақытпен де есептесу керек. «Мен мұндай адамдар Елбасымен тайталаса алады дегенге сенбеймін. Мен мұндай әрекеттен бүтіндей бір мемлекеттің ауыртпалығын, халықтың жағдайын мойнына алып отырған азаматты көріп отырған жоқпын»,-деді лингвистикалық комиссия төрағасы.