Президенттікке үміткер ретінде өзі-өзі ұсынған М. Дуамбеков кандидатурасын алып тастады
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына қатысу үшін өтініш берген азаматтардың саны тағы бір адамға қысқарды.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясына келіп журналистермен сұхбаттасқан эколог, ғалым Мұсағали Дуамбеков кезектен тыс Президенттік сайлаудан өзінің кандидатурасын алып тастағандығын мәлім етті.
Бұл Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өткеннен кейін, кандидатурасын алып тастап отырған төртінші үміткер. Бұған дейін мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырған Павлодар облысының тұрғыны Советқазы Нұрсила, содан кейін кешелі-бері «Нұр Ислам» туристiк фирмасының директоры Қанат Турагелдиев пен Жемқорлықпен күрес қоғамдық комитетінің төрағасы Жақсыбай Бәзілбаев сайлауалды науқанына қатыспайтындықтарын айтып, кандидатураларын алып тастаған болатын.
Осылайша дәл осы уақытта Мемлекет басшысы лауазымына таласты 8 азамат жалғастыруда.
Айта кетейік, осы сәтке дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрт үміткерді, атап айтқанда: «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымовты және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізовты. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.
Ал заңгер Сәлім Өтен, уақытша жұмыссыз Гүлдана Тоқбаева, кәсіпкер Серік Сапарғали мен «Желтоқсан» республикалық, халықтық-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Құрманғазы Рахметов өздерін қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинау үстінде.
Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды тіркеу үміткерлердің жоғары мемлекеттік лауазымға барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін басталды және 2011 жылғы 2 наурызда түнгі сағат 24:00-де аяқталады.