Президенттікке үміткер С.Сапарғали мемлекеттік тілді еркін меңгерген - лингвистикалық комиссия

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттікке үміткер Серік Сапарғали мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Бүгін аталмыш азаматтан емтихан алған Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия өкілдері осындай шешім шығарды.

Президенттікке үміткер С.Сапарғали мемлекеттік тілді еркін меңгерген - лингвистикалық комиссия

Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, С.Сапарғали 3 кезеңнен тұратын емтиханның бірінші кезеңінде «Қыз өссе, елдің көркі» атты тақырыпта шығарма жазды.

«Ол жазба жұмысын сауатты жазды. Емледен қате жоқ, тыныс белгілерінен - 2, стильдік 2 қате бар. Барлығы 4 қате. Екінші кезең бойынша ол Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларынан үзінді оқыды. Оны да өзінің ырғағымен, мәтіннің мазмұны мен мағынасын ұғына отырып, өте жақсы оқыды. Ал үшінші кезеңде «Салауатты өмір салты» тақырыбында сөйледі. Оны да жақсы ашып, өзінің өмірден көрген-түйгендері көп азамат екенін көрсетті. Осының барлығын ескере келгенде лингвистикалық комиссия С.Сапарғали мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген байламға келді»,-деді М.Жолдасбеков.

Естеріңізге сала кетейік, С.Сапарғали Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырған соңғы үміткер.