Президенттікке үміткер Сәдібек Түгел ақсақалдардың батасын алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын таныстыруды елорданың кіреберісіндегі Құлагер ескерткішінің жанында жиналған Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауданының құрметті ақсақалдарымен кездесуден бастады. Бұл туралы кандидаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл «Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толатын болса, осы ескерткіштің идея авторы әрі оны орнатқан Сәдібек Түгелдің де ақсақалдар батасын алуға осында келуі жиналғандардың көңілінен шықты.
«Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, бұған дейін де халықтың қолдауына ие болған игі істердің бастауында тұрған Сәдібек Түгел ақсақалдармен кездесуінде өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту және халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау тұрғысындағы ұстанымдарын жеткізді.
Еңбек ардагерлері Камеляш Шошай, Шайзанхан Құмария және Арыққара Қапи, мемлекет және қоғам қайраткері Қыдырбай Нұрпейісов, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер Алдаберген Омарбеков жылы лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді.
