Президенттікке үміткер У.Қайсаров: ТМД Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қазақшасы ма сонда?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Уәлихан Қайсаров қазақтың көптеген байырғы сөздерін түсіне алмады.

Президенттікке үміткер У.Қайсаров: ТМД Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қазақшасы ма сонда?

Лингвистикалық комиссия өз шешімін шығарғаннан кейін У.Қайсаровқа сұрақ қою мүмкіндігі берілді. «Сіздер ТМД деп айтып отырсыздар. Бірақ, ТМД деген сөз сұрақта болған да жоқ, айтылған да жоқ. Сол ТМД-ны қайдан алдыңыз», - деді үміткер У.Қайсаров комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековке.

«Мен оны ойлап тапқаным жоқ. Бұл бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттердің 1991 жылғы желтоқсанда Алматыда құрған достастығы. Содан кейін біздің Тәуелсіздігіміз басталды. Сізге берілген тақырып «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы: тарихы мен бүгіні», - деді М.Жолдасбеков.

«Иә», - деді У.Қайсаров. - Бірақ ТМД қай жерде? ТМД Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қазақшасы ма сонда?».

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дегеніміз, осы сөздердің бас әріптерін алсаңыз ТМД болады», - деді тағы бір мәрте түсіндірген комиссия төрағасы.

Кандидат сонда да комиссия мүшесінің мұндай дәйектерге келіспейтіндігін айтты. «Ол түсінікті ғой. Бірақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дегеніміз - Қазақстанның басқа тәуелсіз мемлекеттермен достастығы. Мысалы, Ресей де, Өзбекстан да, Қырғызстан да тәуелсіз ғой», - деді кандидат.

«Сіз тақырыпты түсінбегенсіз, әңгіме басқада. Сіз Қазақстанның дос мемлекеттері деп Қытайды, Американы атадыңыз, дұрыс. Шүкір, Қазақстан барлық мемлекеттермен жау емес, дос. Бірақ, мына тақырып анық, ал ол ашылмаған, сіз ол жайында жазбағансыз», - деді М.Жолдасбеков.