Президенттікке үміткер Жақсыбай Бәзілбаев мемлекеттік тілден емтиханды тапсырды
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттікке үміткер Жақсыбай Бәзілбаев мемлекеттік тілді меңгерген.
Бүгін аталмыш азаматтан емтихан алған Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі ОСК лингвистикалық комиссиясы осындай шешім шығарды.
Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Ж.Бәзілбаев үш түрлі сынақ бойынша өткен емтиханның бірінші кезеңінде «Абай қазақ халқының рухани көсемі» атты тақырыпта 2 бет шығарма жазды. «Жазба жұмысы орташа жазылған. Орфографиялық 3 қате, тыныс белгісінен - 4, стильдік - 3 қате бар. Бәрін қосқанда 10 қате. Екінші талап бойынша үміткер Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларынан үзінді оқыды. Кейбір орфоэпия нормалары бойынша ауытқулар болды. Бірақ орташа оқыды деп бағалауға болады. Үшінші кезеңде «Абыройлы іс» атты тақырыпта сөйледі. Үміткер тақырыпты ашты, өз ойын жеткізе білді. Осылардың барлығын ескере келгенде біз Ж.Бәзілбаев қазақ тілін меңгерген деген қорытынды шығардық», - деді М.Жолдасбеков.
Естеріңізге сала кетейік, Жақсыбай Бәзілбаев бұған дейін екі президенттік сайлауға қатысқан.