Президенттікке үміткерлер медициналық анықтама ұсынуы керек - М.Жолдасбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті, «Нұр Отан» партиясы атынан кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тілден тапсырған емтиханынан кейін ОСК Лингвистикалық комиссиясының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Мемлекет басшысымен біраз мәселелер жөнінде ақылдасқанын мәлім етті.

Президенттікке үміткерлер медициналық анықтама ұсынуы керек - М.Жолдасбеков

«Емтиханнан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бүгінгі «Нұр Отан» съезінің аяқталуымен, сол съезде бірауыздан алдағы сайлауға үміткер ретінде ұсынылуымен құттықтадық. 2011 жылы да осы лингвистикалық комиссияны басқарған едім. Бүгін емтиханнан кейін Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен бірқатар мәселелер бойынша әңгімелесіп, ақылдастық», - деді М.Жолдасбеков БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында.

Оның айтуынша, қазір Президенттікке үміткерлер медициналық анықтама тапсырмайтыны алаңдатушылық тудырады.

«Мәселен, қарап отырсақ, Президенттікке үміткерлер медициналық анықтама тапсырмайды. Бірақ бұл кезінде болған ереже екен. Кейін біраз халықаралық бақылаушылар «адам құқығын бұзу» деген соң, бұл бап алынып қалыпты. Бірақ менің ойымша, президентікке үміткерлер медициналық анықтама тапсыруы керек. Неге? Себебі қазір мектепке барған баладан да, қызметке орналасқысы келетін адамнан да медициналық кітапша міндетті түрде талап етіледі. Ел басқаратын адам үшін Алладан алдымен сұрайтынымыз - осы денсаулық. Сондықтан президентікке үміткер адам медициналық анықтама тапсыруы керек деген ұсыныс айттым»,- деді М.Жолдасбеков.

Сонымен қатар М.Жолдасбековтің айтуынша, әңгімелесу барысында президенттікке үміткерлердің білімі де сөз болған.

«Екінші бір мәселе, Конституциямызда президенттікке үміткер азаматтың білімі туралы айтылмаған. Баяғы заман емес, білім саласы дамыған мемлекетпіз. Сондықтан мүмкін болса, келесі уақыттарда Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер адамның білімі міндетті түрде жоғары болуы керек деген талап болса деген ойымызды жеткіздік», - деді М.Жолдасбеков.