Президенттіктен үміткер Қанат Турагелдиев мемлекеттік тілден емтиханды тапсырды

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттіктен үміткер Қанат Турагелдиев Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияға емтиханды сәтті тапсырды.

Президенттіктен үміткер Қанат Турагелдиев  мемлекеттік тілден емтиханды тапсырды

Аталмыш азаматтың емтихан нәтижелерімен таныстырған лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Қ.Турагелдиев үш кезеңнен тұратын емтиханның бірінші кезеңінде «Қазақ тілі елдік пен ерліктің негізі» деген тақырыпта шығарма жазды. "Ол қазақ тілінде өзінің ойын жеткізе алады. Ойы тиянақты, сөз құрауы дұрыс, аздаған қателері бар. Айталық орфографиялық қатесі - 1, тыныс белгілерінен кеткен қателер - 5, стильдік 1 қате жіберді. Бас-аяғы қателер саны - 7",-деді лингвистикалық комиссия төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, үміткер Қ.Турагелдиев емтиханның екінші кезеңінде Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін нақшына келтіріп, мәнерлеп, өте жақсы оқыды. «Ал үшінші кезеңде «Отаным - алтын бесігім» тақырыбында еркін әңгіме болды. Үміткердің әңгімесі бізге ұнады. Оның жалпы Отан туралы, ел туралы, халық туралы, дін туралы ұғымдарының бәрі анық. Сондықтан комиссия өкілдері осының барлығын жүйелей келе үміткер Қ.Турагелдиев мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген тоқтамға келді»,-деді М.Жолдасбеков.