Президенттіктен үміткер күзетші қазақ тілінен емтихан тапсыра алмады
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға өтініш берген «Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-нің 48 жастағы күзетшісі Толыбай Баймурзин мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады.
Бүгін Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия өкілдері осындай шешім шығарды.
Президенттікке үміткердің емтихан жұмысының нәтижелерін жария еткен лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, 3 түрлі кезең бойынша алынған емтиханның бірінші кезеңінде үміткер «Перзент парызы» деген тақырыпқа шығарма жазды. Оның шығармасы өте сауатсыз. Орфографиялық 24 қате, тыныс белгілерінен 23 қате, стильдік 5 қате жіберді. Барлығы - 52 қате. Екінші кезеңде Ғабит Мүсіреповтың шығармаларынан үзінді оқыды. Т.Баймурзин мәтінді кібіртіктеп, созбалап әзер оқыды. Ал үшінші кезеңдегі «Батырлық пен сүйіспеншілік» тақырыбы мүлдем ашылмады. Бұл Президент болам деген адамға көсіліп сөйлейтін-ақ тақырып еді. Ал үміткер тіпті сөйлем құрай алмады. Осының барлығын ескере келгенде Т.Баймурзин қазақ тілін меңгермеген деген байламға келдік»,-деді М.Жолдасбеков.
Сондай-ақ комиссия төрағасы, Президент сайлауы елдің, мемлекеттің тағдырын шешетін аса ірі саяси науқан екендігін айта келе: «Біз Тәуелсіздік алған жылдардан бері талай оқиғаларды бастан өткердік, бірақ мұндай сұмдықты мен бірінші рет көріп отырмын. Кейінгі кезде осы Президенттік сайлауды кейбір азаматтар еріккенің ермегіне айналдырып жіберген сияқты», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл осымен кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысамын деп Орталық сайлау комиссиясына өтініш беріп, алайда қазақ тілінен емтихан тапсыра алмай отырған үшінші азамат. Осыған дейін мемлекеттік тілден емтиханды "Кенесары хан" қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров пен Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов тапсыра алмай, сайлаудан тыс қалған болатын.