Президенттіктен үміткер тағы бір азамат мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырды

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға өтініш берген Құрманғазы Рахметов мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Президенттіктен үміткер тағы бір азамат мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырды

Бүгін Қ.Рахметовтен емтихан алған Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия осындай шешім шығарды.

Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, үміткер Қ.Рахметов емтиханның бірінші талабы бойынша «Тәуелсіздік тағлымы» тақырыбында шығарма жазды. «Үміткердің жазба жұмысы жақсы. Емле қатесі - 3, тыныс белгісінен кеткен қате - 4, стильдік қате - 2. Барлығы 9 қате жіберді. Екінші талап бойынша Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын оқыды. Қ.Рахметов шығарманы еркін, ырғағына келтіріп, бүкіл жан-тәнімен қабылдап, өте жақсы оқыды. Үшінші талап бойынша үміткер сөйлеуді меңгергендігін көрсетті. Алайда оның халық алдында сөйлемегені байқалып тұр. Ел басқаратын адам көпшілік алдында сөйлей білуі керек. Соған қарамастан, лингвистикалық комиссия Қ.Рахметов мемлекеттік тілді меңгерген деген қорытынды шығарды»,-деді М.Жолдасбеков.

Естеріңізге сала кетейік, 1965 жылы туылған Қ.Рахметовты кезектен тыс Президент сайлауына «Желтоқсан» республикалық, халықтық-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр.