Президенттіктен үміткер тағы екі азамат қол жинауға кірісті
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылғы 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға өтініш берген тағы екі азамат қол жинауға кірісті.
Кеше Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры Қанат Турагелдиев пен Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековке қол қою парақтарын берді.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш азаматтардың Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өткендігін бұқаралық бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ал кеше ОСК аталған екі азаматтың да Конституция мен «ҚР сайлау туралы» заңына сәйкестігін белгілеу жөнінде қаулы қабылдады және үміткерлерге өздерін қолдаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын берді. ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, үміткерлерді қолдаған және расталған қолдардың саны 91 мың 10 адамды құрауы керек.
Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірген адамдары жүргізеді. Толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады, олар бес күн ішінде қолдардың растығын паспорт қызметі қызметкерлерінің қатысуымен тексеріп, тиісті хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына барлығы 16 адам өтініш берді. Алайда олардың екеуін Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі комиссиясына емтихан тапсыра алмауларына байланысты кандидат етіп тіркеуден бас тартты. Ал бүгін тағы бір азамат, нақты айтқанда Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады. Тағы екі азамат сайлауға түсу жөніндегі өтініштерін қайтарып алды.
Осылайша кезектен тыс Президенттік сайлауға түсуге үміткер адамдардың саны - 11 адамды құрап отыр. Сайлауға тек екі азамат қана саяси партиялардың атынан түсуге ниеттеніп отыр. Олар кандидатурасын «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ұсынған қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы ұсынған партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков.
Өзге азаматтар сайлауға өздерін өздері ұсынып отыр. Сондай-ақ Саяси партиялар атынан кандидат ретінде ұсынылған азаматтармен бірге заңгер Сәлім Өтен, эколог, ғалым Мұсағали Дуамбеков пен «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры Қанат Турагелдиев Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссиясына емтиханды сәтті тапсырды.
Қалған азаматтар емтиханды алдағы уақытта тапсырады.