Президенттің әр реформасынан болашақ Қазақстанды елестетуге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы маңында топтасуы шарт. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласына қатысты «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында «Болашақ» стипендиаты, «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» компаниясының бас инженері Еркебұлан Исабеков мәлім етті.

Президенттің әр реформасынан болашақ Қазақстанды елестетуге болады

«Елбасы өзінің мақаласында экономиканың бірқатар перспективалы секторларын дамыту бойынша шаралар қарастырылғандығын атап өтті. Бірінші кезекте ол электр энергиясы секторына және энергиялық тиімділіктің өсуіне қатысты шаралар екенін де нақтылады. Қазіргі уақытта барша әлемнің қозғаушы күші энергетика саласы дер едім. Әлем елдері энергия көздері үшін талас жүргізіп жатыр. Энергетика саласында көп жетістікке жеткен мемлекет едәуір дамуға да қол жеткізе алады. Сондықтан, Н.Назарбаев осы бағытта өзіміздің даңғыл жолымызды салу үшін күш-жігер аямаумыз қажет деп атап өтті. Ол үшін энергия сервистік келісімшарттар тетігі арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тартуды тапсырды. Жеке энергия сервистік компанияларды дамытуды белсенділендірудің, оларды энергия үнемдеу саласына қызметтер кешенін ұсынуға ынталандырудың маңызын да айырықша тоқталды», - дейді Е.Исабеков.

Оның сөзі бойынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрбір реформасы Қазақстанның болашағын жарқын етуге бағытталғандығын көру қиын емес.
«Президент аузынан айтылған нақты-нақты міндеттерді зейін салып, қарайтын болсаңыз, болашақта Қазақстан қандай болады деген сауалға жауап табасыз. Сот жүйесін дамыту, мемлекеттік аппаратты түбегейлі өзгерту, жалақы жүйесін жетілдіру, құқықтылық пен заңдылық, үкімет ашықтығы мен шағын және орта бизнестің дамуы, инновацияларға жол ашу, инвестицияларды тарту, Қазақстанды аймақтық транзиттік хабқа айналдыру, туризмді қарыштату, қаржылық орталықты құру сынды бастамалар болашақта іске асатын ұшан-теңіз істердің бір парасы ғана. Осылар орындалар болса, Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде серпінді дамыған елдердің біріне айналары сөзсіз. Ол үшін тек халқымыздың ұйысқаны керек, бір атаның балаларымыз ғой, қол ұстаса, ел дамуына үлес қосқанымыз қажет», - деп түйіндеді ойын жас инженер.