Президенттің атына түскен сауалдардың саны 13 мыңнан асты

АНА. Қарашаның 7-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінге дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен тікелей желі арқылы тілдесуіне орай Астанада жұмыс істеп жатқан Байланыс орталығына 13 мыңнан астам сауал түсті,

Президенттің атына түскен сауалдардың саны 13 мыңнан асты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұнда халықты әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша сауалдар көптеп түсуде. Оның ішінде зейнетақы жүйесін қайта қарау, көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға материалдық көмек көрсету мәселелері бар. Еліміздің тұрғын-үй саласында үлескерлер проблемасы, мемлекеттік бағдарлама аясында берілмей қалған баспаналарды тарату жайы және әрбір қазақстандыққа тиесілі он сотық жер беру мәселесі жиі айтылуда. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарын еліміздегі Интернет қызметтері мен жанар-жағармайдың қымбатшылығы мазалауда.  

Естеріңізге сала кетейік,  2009 жылғы  қарашаның 13-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы», «Астана радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон, интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап береді. Сұрақтарды республика бойынша +7 (7172) 555-777 телефоны мен  KCell, Beeline, Neo, Altel ұялы байланысын пайдаланушылар үшін СМС хабарламалары арқылы 1111 нөміріне жіберуге болады. Сондай-ақ  
www.line.gov.kz сайтының тиісті тармағын пайдалана отырып, бейнесұрақты жолдауға болады. Ал жазбаша сауалды vopros@akorda.kz электрондық мекенжайына жіберуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» ұсынған байланыс тегін болса, ұялы телефондарға арнайы төлемдер қарастырылған. «Тікелей желі» кезінде Елбасының назарына ілікпей қалған сауалдарға тиісті мемлекеттік органдар бір айдың көлемінде жауап әзірлеп, сайтқа орналастыратын болады. Ал Интернеті жоқ ауылды жерлер үшін әкімдіктер жанынан қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылған.

Байланыс орталығының хабарлауынша, халық тарапынан түсіп жатқан сауалдардың ішінде қайталанатын мәселелер және тест үлгісіндегі сұрақтар көп болғандықтан, кейбір сауалдар кері қайтарылып жатыр.