Президенттің бастамалары әрбіріміздің жағдайымызды жақсартуға бағытталған - пікір
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Осакаров ауданы «Рябина» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Владимир Кошевец «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік бастамалар жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Этномәдени бірлестіктің өкілі ретінде «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы жариялаған бастамалар әлеуметтік саясатты табысты түрде алға жетелейтін фактор болады. Әлбетте, жүйелі жұмыс әлеуметтік емес, өзге де салаларды қамтитыны анық», - дейді этномәдени бірлестіктің жетекшісі.
Владимир Кошевецтің айтуына қарағанда, бүгін халық Елбасының аузынан таза ауыз су мен газдандыру секілді игі істерді естігенін атап өтті.
«Жыл сайын сапалы инфрақұрылымның өсіміне куә болып келеміз. Тіпті алыс аймақтардағы жолдар жөнделу үстінде. Әлбетте, бәрінен бұрын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытындағы Президенттің бастамалары ерекше қуантқаны анық. Тұрғын үй бойынша 2-3 пайызбен ғана қарыз беру - үлкен көмек болары анық. Көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттырудың маңызы зор. Осынау бастамалардың бәрі де Қазақстандағы әрбір отбасының, әрбіріміздің жағдайымызды жақсартуға бағытталған», - дейді Владимир Кошевец.
Айта кетсек, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Жиында Мемлекет басшысы халықты қолдауға арналған біршама әлеуметтік бастамалар туралы сөз қозғаған болатын.