Президенттің бастамалары мемлекеттік билікке деген сенімді нығайта түседі - Самал Аяпбергенова
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмалар «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға және сөзден іс-әрекетке көшуге мүмкіндік беретін мемлекеттік аппаратты өзгертуге бағытталған. Ақмола облысы Бұланды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самал Аяпбергенова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы өте мазмұнды, онда елдің ертеңіне сөзсіз оң әсер ететін нақтылы міндеттер белгіленді. Қазақстандықтар осыны көптен күтті, - дейді С.Аяпбергенова.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ұстанымы жаңа Қазақстанның негізгі кезеңі болады. Президент берген тапсырмалар «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға және сөзден іс-әрекетке көшуге мүмкіндік беретін мемлекеттік аппаратты өзгертуге бағытталған.
«Жолдау қоғамның негізгі аспектілерін қозғайды. Мен үшін саяси өзгерістер мен реформалар блогы аса маңызды болып табылады. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысының кез келген саяси партияға мүшелігін тоқтату, жақын туыстары мен олардың отбасыларының мемлекеттік саяси лауазымдарға орналасуына және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне басшылық етуіне тыйым салу бөлігінде тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Бұл бастама сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай - ақ мемлекеттік билікке деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді деп санаймын», - деп толықтырды С.Аяпбергенова.
Ол атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділеттілікке, адалдыққа, барлық саладағы ашықтыққа, формализмнен алшақтауға, әділеттілікке, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимылға, тең мүмкіндіктер қағидасына, адами капиталды дамытуды ілгерілетуге және тағы басқаларға бағытталған саясаты қоғамда қызу қолдау табатыны сөзсіз.