Президенттің бастамалары мемлекеттің дамуына тың серпін береді - Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамалары мемлекеттік дамуына тың серпін береді. Бұл туралы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің бұл бастамалары еліміздің әлеуметтік жағдайын жаңа деңгейге көтеріп, қарқынды дамуымызға тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр, дегенмен де баспана алуға ниетті адамдар баршылық. Бүгінде түрлі сауалнамалар мен партияның қоғамдық қабылдауына келіп түскен өтінімдерден, БАҚ арқылы, әлеуметтік желілерден баспана алу ең басты проблемалардың бірі екенін байқалып отыр. Сондықтан осы тұрғыда жария етілген бастамалар біздің қоғамның ең өзекті проблемаларына қатысты екенін анық», - деді М. Әшімбаев.
Оның пайымынша, Президент бастамалары өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешуге ықпал етпек.
«Бұл бастамалар арқылы тек әлеуметтік мәселелер ғана емес, сонымен қатар экономикамыздың дамуына, жекелей салаларды жетілдіруге елеулі серпін беріледі. Ипотекалық несиелеу елімізде күшейтілсе, бұл өз кезегінде құрылыс саласының дамуына әсер етеді. Осы орайда жаңа жұмыс орындары құрылады», - деді Әшімбаев.
Оның сөзіне қарағанда, бірнеше миллион адамның салықтық жеңілдікке ие болуы нәтижесінде, олардың жалақысының артуына ықпал етеді. Бұл тұрғыда адамдардың тұтынушылық сұранысы да жоғарылап, экономиканың өсіміне жетелейді.
«Президент бастамаларының тағы бір ерекшелігі еліміздің болашағына инвестиция салуға қатысты болып отыр. Жоғары білімге қолжетімділік бойынша техникалық мамандықтарға қосымша гранттарды бөлудің өзі келешекте өзіндік нәтижесін беретініне сенімдімін», - деді ол.