Президенттің экономикалық бағдарламасы Қазақстанда орта санаттағы адамдардың деңгейін көптеп арттырады - cаясаттанушы А. Моханти

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президентінің экономикалық бағдарламасы елде орта санаттағы адамдардың деңгейін көптеп арттыруға мүмкіндік береді. Бұндай пікірді бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстандық жол - болашағы бір ұлт» атты халықаралық саясаттанушылар конгресінде Дж. Неру атындағы университеттің Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының төрағасы Арун Моханти айтты.

Президенттің экономикалық бағдарламасы Қазақстанда орта санаттағы адамдардың деңгейін көптеп арттырады - cаясаттанушы А. Моханти

«Қазақстанның саясаты алдағы 30 жылда елді әлемнің дамыған 30 ірі мемлекетінің біріне айналдыруға негізделген бұл бағытта қазіргі кезде нақты шаралар көзделген. Кез келген мемлекеттің негізі - ол орта санаттағы адамдардың тұрақтылығы. Сайлауалды науқаны барысында Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның негізін құрайтын ауқымды орта санатты құру туралы айтқан болатын. Мәселен, еуропалық елдерде тұрақтылық факторы - орта санат. Орта санаттағылар еуропалық және өзге де дамыған елдерде шамамен халықтың 60-70 пайызын құрап отыр», - деді А. Моханти.

Бүгінде Қазақстан осындай мақсатты алдына қойып отырғанына тоқталған ол, алдағы 10-15 жылда бұндай санат қалыптасатындығын және оның деңгейі халықтың шамамен 70 пайызын қамтитындығын, сондай-ақ олар елдегі тұрақтылықтың негізі болатындығын атап өтті.

«Бұндай саясаттың экономикалық компоненті - даму бағдарламасын жүзеге асыру және жұмыс орындарын құру. Бұл бағытта Президент инфрақұрылымды дамыту жайында, бәрінен бұрын әлеуметтік инфрақұрылымды құру туралы айтуда. Яғни, білімді, денсаулық сақтауды дамытуға қомақты қаржы салынып, мығым индустриалды инфрақұрылымды құруға айрықша мән берілмек», - деді сарапшы.

Оның пайымынша, көліктік инфрақұрылымды дамыту өте маңызды. Бұл өз кезегінде Қазақстанда бірыңғай нарықты құруға қажет. «Жібек жолы» жобасы аясындағы инвестициялар алдағы 10-15 жылда жүз мыңдаған жұмыс орнын құруға жол ашады.