Президенттің ірі бастамалары сапалы заңдармен қамтамасыз етіледі - Нұрлан Нығматулин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент депутаттары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру үшін сапалы заңдармен қамтамасыз ету керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан екі күн бұрын баршамыз Елбасының тарихи үндеуіне куә болдық. Сонда айтылған әлеуметтік бастамалар халқымыздың кеңінен қолдауына ие болды. Себебі ол бастамалар әрбір азаматқа, отбасына бұрын болмаған ерекше мүмкіндіктер жасап отыр. Сонымен бірге де еліміздің дамуына да жаңа серпін береді. Сондықтан біздің барша депутаттардың ендігі негізгі міндеті - Президентіміздің осы ірі бастамаларын өз уақытында әрі жедел сапалы заңдармен қамтамасыз ету», - деп атап өтті Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.
Естеріңізге сала кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті.