Президенттің Іс Басқармасы қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің Іс Басқармасы қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев Телеграм каналында жазды
«Президенттің Іс Басқармасы үшін бүгін және ертең өте жауапты күндер болғалы тұр. Біз еліміз үшін өте маңызды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысып жатырмыз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне қатысу үшін астанамызға әлемнің 50 елінен жүзге тарта делегация келді. Осы ауқымды шараға қызмет көрсету біздің Автошаруашылыққа, Медициналық орталықтың ауруханасына, Әкімшілік ғимараттар дирекциясына, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының Инженерлік орталығына, ресми іс-шаралар бөлімі және басқа да бөлімдерімізге жүктеліп отыр. Ұжымның 350-ден астам мүшесі техникалық қолдау аясында съезге тікелей атсалысады. Мәртебелі қонақтарды күтіп алады, оларды көлікпен тасуға, орналасуына, тамақтануына, медициналық тұрғыда көмектесуге жауап береді», - деді Айбек Дәдебаев.
Кеше кешке Рим Папасын елорда әуежайынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.
Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы Франциск Ақордада екіжақты кездесу өткізді.
Айта кетерлігі, Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатысатыны күтіледі.