«Президенттің қызы таңқалдырды бізді...» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 2 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады
***
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстары созылып бара жатқанына назар аударған еді. Атап айтқанда, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу 2015 жылға сырылғандығын сынаған болатын. Елбасы Үкімет басшысына осы мәселені шешуді және «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстарының барысы жайлы тұрақты баяндап отыру қажеттігін ескертті. Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын әзірлеу дереу қолға алынды. Бұл заң жобасында қандай өзгерістер қаралғаны жайында «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Арақтың ойранына тоқтам керек» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Францияда алкоголь сатуда 3 мың тұрғынға 1 дүкен, ал Исландияда - 15,9 мың адамға, Норвегияда 30 мың адамға бір дүкен болса, біздің Қазақстанда - 400 адамға бір дүкеннен келеді екен. Бұл жағдай еліміздің халықаралық беделіне және қылмыстың етек жаюына ықпал ететін көрінеді. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер шарындағы спиртті ішімдіктерді тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елге арнайы мониторинг жүргізді. 2011 жылдың рейтингісінде Қазақстан 34-орынды иеленген. Еліміздің әрбір азаматы жылына шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе шамамен 11 литр арақ тұтынады. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияда ең ішкіш ел болып отыр. Өкініштісі, мемлекеттік органдардың деректеріне көз салсақ, соңғы бес жылда мас күйінде жасаған қылмыстар саны екі еседен аса көбейіп, 13 мыңнан аса фактілерді құрапты», - деп жазады басылым.
Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі, елдегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне қозғау салып, Үкіметке қайта-қайта сауал жолдап жататын Тұрсынбек Өмірзақов Елбасының кеңейтілген Үкімет отырысында айтқан сынын толық қолдайтындығын білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жұмысында елеулі кемшіліктер баршылық екен. Бұл жайында ол «Егемен Қазақстан» газетінде «Шенеуніктер неге икемсіз?» деген тақырыппен берілген сұхбатында тарқата айтып берген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Дамыған елдердің бәрінде табыс салығы прогрессивті ставкамен ұсталады. Бізде ол жоқ. Енді Президент сынағаннан кейін бұл мәселеге салық органдары қайтадан оралатын шығар деген үміттемін. Жуырда қозғалтқышының көлемі 4 мың текше см.-ден асатын машиналар мен қымбат құрылыстарға салықты көтеру туралы заң жобасын қабылдадық. Мен бұл заң жобасына қарсы дауыс бердім. Өйткені, барлық экономикалық заңдарда дағдарыс уақытында салықтарды төмендетеді, бізде, керісінше, болып отыр. Бұл дұрыс емес. Сосын 4 мың текше см.-ден асатын қозғалтқышы бар машиналармен тек қана байлар жүрмейді. Кейбір, жолы жаман, жүруі қиын жерлерде де осындай машиналар мінуге мәжбүр ортаңқол адамдар, фермерлер көп. Сондайларға мына салықтың ауыр тиетіні анық. Біз өз халқымызды өзіміз қанамауымыз керек»,- дейді.
***
«Соңғы күндері Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың отбасында болып жатқан жайсыз жағдайлар ғаламтор бетінде алыпқашпа әңгімелерге негіз болды. Тіпті Каримовтың қызы әкесін қандықол Сталинге теңеп үлгерді. Неге?»,- деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Президенттің қызы таңқалдырды бізді...» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Президент отбасындағы жанжалдың әлқиссасы мынадан басталған көрінеді. Өзбектің бас барлаушысы Рустам Иноятов президентке үлкен қызы Гүлнардың немен айналысатыны жайында бүкіл деректі әкесінің алдына жайып салған көрінеді. Қызының тірлігінен таныс болған, Батыс журналдарында жарияланған жалаңаш суреттерін көрген Ислам-ака айран-асыр болыпты. «Сен мені бүкіл әлемге масқара еттің. Бұл не қылған сурет? Жартылай жалаңаш журналистердің алдына шығып тұрып сен өзіңді, мені, шешеңді бүкіл отбасымызды масқара еттің» деп айқайлаған президент қызын шапалақпен тартып жіберген көрінеді.
«Айқын» газетінің жазуынша, қараша айының 11-інен бастап «Қазақстан» Ұлттық арнасының хабар тарату кестесі өзгермек. «Қазақстан» ұлттық арнасы» АҚ-ның басқарма төрайымының орынбасары Ләззат Жүнісованың айтуынша, шетелдік телехикаялардың көлемі қысқартылып, олардың орнына сапалы отандық өнімдер ұсынылмақ. Жалпы, бұл игі бастаманың арқасында ұлттық арна 60 млн теңгені үнемдейді екен. Бұл қаржы қазақша жобалар жасауға жұмсалатын көрінеді. Бүгінгі таңда телевизия нарығында отандық өнімдерге деген сұраныс артып келетінін ерекше атап өткіміз келеді, - деп бастады өз сөзін Ләззат Жүнісова: «Осыған орай 2013 жылдың шілде айынан бастап ұлттық арнадағы шетелдік телехикаялардың ретрансляциясын қысқарта бастадық. 2013 жылы сырттан әкелінетін өнімдердің көлемі жалпы хабар тарату көлемінің 4 сағатын ғана құрады. Бұл жалпы хабар тарату көлемінің 19 пайызына тең. 2014 жылы біз осы тектес сериалдарды көрсетуді 1 сағат 40 минутқа дейін қысқартпақпыз. Яғни, бұл жалпы хабар таратудың 7 пайызын құрамақ. Өз кезегімізде біз шетелдік өнімдердің көлемін қысқартып, олардың орнын отандық өнімдермен толтырамыз» - дейді. Мақала «Ұлттық арна шетелдік телехикаялардан бас тартты» деген тақырыппен берілген.