Президенттің мақаласында ұсынылған жобалардың бәрі де ғылыми сипатқа ие - TWESCO сарапшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы идея - тарихты мақтан тұту арқылы алдағы даму даңғылының негізгі бағыттарын айқындап алуға үндейді. Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты, түрколог Тимур Козырев Елбасы мақаласын осылай түсінгенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында екі бөлік, тіпті үш бөлік - Түркі әлеміне арналып отырғанын ерекше атап өтуге болады. Үшінші деп отырғаным - Ұлы Жібек жолы да айналып келгенде түркі халықтары тарихының бір бөлшегі. Мақаланың түпкі ойын мен былайша ұқтым: бізде мақтан тұтарлық тарих баршылық, бірақ бұл мақтаныш келешекте алға қадам басу үшін мотиватор бола білуі тиіс. Яғни, бұл мақтаныш тек өткенімізбен мақтанумен шектелмей, алдағы даму даңғылына бағыттайтындай күш бола білуі керек. Міне, мақаладан мен осы идеяны түйсіндім», - дейді Тимур Козырев.

Оның айтуына қарағанда, ең алдымен мақалада ұсынылып отырған жобалардың бәрі де ғылыми сипатқа ие.

«Бұл өте маңызды, себебі кейбір жас ұлттық мемлекеттер тарихын түгендеуге күмп бергенімен, бұл жұмыс көп жағдайда кәсіби тұрғыда іске аса бермейді. Бұның арты тіпті трагедияға дейін апаруы ықтимал. Алайда Қазақстанда мұндай жағдайлардан көп жағдайда бойын аулақ ұстайтыны белгілі. Міне, сондықтан Президент тарихпен мақтана алатындай, алайда тарих - аңыздар легіне айналып кетпеуіне ерекше маңыз беріп отыр. Демек, тарихтың әр кезеңі ғылыми тұрғыда дәлелденіп, біз ертегілермен емес, нақты фактілермен мақтана алатындай болуымыз керек», - дейді ол.

Ғалымның айтуынша, түркология ғылымына ерекше көңіл бөлінуінің де өзіндік себебі бар.

«Қазақстан түркологияның әлемдік орталығына айналуды көздеп отыр. Мақалада айтылғанындай, жоспар бойынша Астанада келер жылы Бүкіләлемдік Түркі конгресін өткізу жоспарлануда. Жалпы, дәл осы бағытта Түркі академиясы да жұмысын жалғастыратын болады. Біз осымен қатарынан үшінші жыл «Ұлы дала» атты форумын өткізіп келе жатырмыз. Ол форумдарға әлемнің түкпір-түкпірінен түркітанушылар келген. Келер жылы төртінші форум кеңейтілген форматта яғни, Бүкіләлемдік Түркі конгресі ретінде өтетін болады», - деді Тимур Козырев.

 

Соңғы жаңалықтар